Солтүстiк Қазақстан облысының
Төтенше жағдайлар департаментi
KZ RU
Департамент туралы ереже

Департамент туралы ереже
Қазақстан Республикасы
Iшкi iстер министрiнiң
2014 жылғы 1 қазандағы
№662 бұйрығына
51-қосымша

Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң Төтенше жағдайлар комитетi Солтүстiк Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментi туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Солтүстiк Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментi (бұдан әрi — Департамент) республикалық, өңiрлiк аэромобильдi жедел-құтқару жасақтарын қоспағанда, облыс аумағындағы азаматтық қорғау органдары мен бөлiмшелерiне басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi Төтенше жағдайлар комитетiнiң (бұдан әрi — Комитет) аумақтық бөлiнiсi болып табылады.

2. Департамент өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. Департамент мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өзiнiң атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрлерi мен мөртабандары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

4. Департамент азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.

5. Егер Департаментке заңнамаға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, оның мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. Департамент өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Департамент бастығының бұйрықтарымен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

7. Департаменттiң құрылымы және штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.

8. Департаменттiң заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, индексi 150010, Солтүстiк Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Ғ. Мүсірепов көшесi, №32 үй.

9. Департаменттiң толық атауы — «Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң Төтенше жағдайлар комитетi Солтүстiк Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментi» мемлекеттiк мекемесi.

10. Осы Ереже Департаменттiң құрылтай құжаты болып табылады.

11. Департаменттiң қызметiн қаржыландыру республикалық және жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.

12. Департаментке Департаменттiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Департаментке заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттiк бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Департаменттiң негiзгi мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен мiндеттерi

13. Мiндеттерi:

1) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру;

2) азаматтық қорғаудың мемлекеттiк жүйесi аумақтық кiшi жүйелерiнiң жұмыс iстеуi мен одан әрi дамуын қамтамасыз ету;

3) өрт қауiпсiздiгi және азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;

4) өрттiң алдын алуды және сөндiрудi ұйымдастыру.

14. Функциялар:

1) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын, азаматтық қорғаудың мемлекеттiк жүйесi аумақтық кiшi жүйелерiнiң жұмыс iстеуi мен одан әрi дамуын қамтамасыз ету;

2) азаматтық қорғау күштерiнiң қызметiн қамтамасыз ету;

3) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға, өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және облыс аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға бағытталған азаматтық қорғау iс-шараларын ұйымдастыру және өткiзу кезiнде азаматтық қорғау күштерiне басшылық жасау;

4) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды мемлекеттiк есепке алуды жүргiзу;

5) Департамент пен мемлекеттiк өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiнiң жауынгерлiк және жұмылдыру әзiрлiгiн қамтамасыз ету;

6) жергiлiктi атқарушы органның құзыретiне кiретiн азаматтық қорғау саласындағы мәселелер жөнiндегi ұсыныстарды жергiлiктi атқарушы органға енгiзу;

7) азаматтық қорғау саласында ақпараттық-талдау қызметiн жүзеге асыру;

8) азаматтық қорғау саласында iргелес мемлекеттердiң шекара маңы өңiрлерiмен өзара iс-қимылды жүзеге асыру;

9) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, төтенше жағдайларды жоюға қатысушылардың денсаулығын сақтау, қалпына келтiру және оңалтуды қамтамасыз ету;

10) комиссиясының құрамында өз құзыретi шегiнде төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зiлзалалар мен апаттарды тергеудi ұйымдастыру және жүргiзу;

11) қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдайларды жою кезiнде ұйымдардың материалдық-техникалық ресурстарын жұмылдыру;

12) азаматтық қорғау құралдарына қажеттiлiктi айқындау үшiн Комитетке және жергiлiктi атқарушы органға ұсыныстар дайындау;

13) қорғаныш құрылыстарын есепке қоюды және есептен шығаруды жүзеге асыру;

14) азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерiн даярлау жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлеу;

15) Азаматтық қорғаныс жоспарын әзiрлеу және оны азаматтық қорғаныстың бастығы — облыс әкiмiне бекiту үшiн енгiзу;

16) облыстың қалалары мен аудандарының азаматтық қорғаныс жоспарларын келiсу;

17) жергiлiктi ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөнiндегi iс-қимылдар жоспарларын әзiрлеу және оларды облыстың әкiмiне бекiтуге ұсыну;

18) облыстың қалалары мен аудандарының төтенше жағдайларды жою жөнiндегi iс-қимылдар жоспарларын келiсу;

19) азаматтық қорғаныс жоспарларының және төтенше жағдайларды жою жөнiндегi iс-қимылдар жоспарларының құрылымын айқындау жөнiнде Комитетке ұсыныстар енгiзу;

20) Азаматтық қорғаныстың инженерлiк-техникалық iс-шараларының көлемi және мазмұны жөнiнде Комитетке ұсыныстар енгiзу;

21) қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекшi және жылжымалы басқару пункттерiн құру бойынша ұсыныстарды азаматтық қорғаныстың бастығы — облыс әкiмiне енгiзу;

22) елдi мекендер мен аса маңызды мемлекеттiк меншiк объектiлерiнiң аумақтарын өрттерден қорғауды қамтамасыз ету;

23) өртке қарсы ерiктi құралымдардың тiзiлiмiн жүргiзу;

24) төтенше жағдайлардың алдын алу жөнiндегi жоспарларды әзiрлеу;

25) облыстың, қалалар мен аудандардың қауiпсiздiк паспорттарын және табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар қатерлерiнiң каталогтарын әзiрлеу;

26) жергiлiктi ауқымдағы төтенше жағдайлар кезiнде облыс әкiмiнiң табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайды жариялауы туралы ұсыныстарды жергiлiктi атқарушы органға енгiзу;

27) төтенше жағдайлар кезiнде авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргiзу;

28) суда құтқару және сүңгуiрлiк-iздестiру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргiзу;

29) облыстың аумағындағы өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының қызметiн үйлестiру;

30) авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарын тiркеу;

31) аттестаттау комиссияларының құрамында авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарын, құтқарушыларды аттестаттаудан өткiзу;

32) су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмысты ұйымдастыру және жүргiзу;

33) өз құзыретi шегiнде жергiлiктi атқарушы органымен бiрлесiп басқару, құлақтандыру мен байланыс жүйелерiн дамыту және оларды облыстың аумағында пайдалануға әзiрлiкте ұстау;

34) халыққа, азаматтық қорғаудың басқару органдарына төтенше жағдайдың туындау қатерi туралы болжам болған кезде күнi бұрын және (немесе) төтенше жағдай туындаған кезде жедел хабар берудi және оларды құлақтандыруды қамтамасыз ету;

35) облыстың аумағында бiрыңғай кезекшiлiк-диспетчерлiк «112» қызметiн дамыту және жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;

36) облыстың аумағында бiрыңғай кезекшiлiк-диспетчерлiк «112» қызметiмен автоматтандырылған жүйелердiң өзара iс-қимылын ұйымдастыру;

37) өз құзыретi шегiнде азаматтық қорғаудың мемлекеттiк жүйесiнiң корпоративтiк ақпараттық-коммуникациялық жүйесiнiң, ахуалдық-дағдарыс орталықтарының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;

38) азаматтық қорғау саласындағы бiлiмдi насихаттауды, халықты және мамандарды оқытуды ұйымдастыру;

39) төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар туындаған кезде немесе осы қақтығыстар салдарынан қорғану тәсiлдерi мен iс-қимылдарға азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерiнiң басшыларын, мамандарын даярлауды ұйымдастыру;

40) ерiктi өрт сөндiрушiлердi кейiнгi даярлаудың бағдарламасын бекiту;

41) өрт қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;

42) азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;

43) елдi мекендер мен объектiлерде өртке қарсы күреске өрт сөндiру бөлiмшелерiнiң әзiрлiгiн бақылауды жүзеге асыру;

44) су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларының сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

45) өрт қауiпсiздiгi, азаматтық қорғаныс саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер жүргiзудi жүзеге асыру;

46) анықталған бұзушылықтарды жою және өрттердi болдырмау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу туралы азаматтарға, лауазымды және заңды тұлғаларға ұйғарымдар беру;

47) анықталған бұзушылықтарды жою және азаматтық қорғаныс жөнiндегi iс-шараларды орындау туралы азаматтарға, лауазымды және заңды тұлғаларға ұйғарымдар беру;

48) су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларын сақтамағаны үшiн азаматтарға және заңды тұлғаларға ұйғарымдар беру;

49) субъектiлер өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұза отырып жүзеге асыратын, сондай-ақ ұйымды, объектiнi, құрылысты, ғимаратты салу, реконструкциялау, кеңейту немесе техникалық қайта жарақтандыру кезiнде жобаларда көзделген өрт қауiпсiздiгiнiң талаптары орындалмаған кезде ұйымдардың, жекелеген өндiрiстердiң, өндiрiстiк учаскелердiң, агрегаттардың жұмысын iшiнара немесе толық тоқтата тұру, ғимараттарды, құрылыстарды, электр желiлерiн, жылыту аспаптарын пайдалануға және өрт шығу қаупi бар жұмыстарды жүргiзуге тыйым салу;

50) өз құзыретi шегiнде ұлттық қауiпсiздiк, мемлекеттiк құпиялар және ақпараттық қауiпсiздiк саласындағы заңдарды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi сақтауды қамтамасыз ету;

51) өз құзыретi шегiнде ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды Комитетке енгiзу;

52) өз құзыретi шегiнде терроризммен күрес жөнiндегi облыстық штабтың жұмысына қатысу;

53) өз құзыретi шегiнде облыстық Терроризмге қарсы комиссияның жұмысына қатысу;

54) облыс бойынша мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және басшы құрамының лауазымына тағайындалған және жауынгерлiк есептен белгiленген тәртiпте шығарылған әскери мiндеттiлердi арнайы есепке алуды жүргiзу;

55) өтiнiш берушiнiң азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгi бөлiгiнде лицензия берудi келiсу;

56) өртке қарсы нормалар мен қағидалар талаптарына сәйкестiгiне құрылысы аяқталған кәсiпорындар, ғимараттар, құрылыстар мен жекелеген қондырғыларды пайдалануға қабылдау жөнiндегi жұмыс, қабылдау және мемлекеттiк қабылдау комиссияларының жұмысына қатысу;

57) өз құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлерге, нормативтiк актiлерге және стандарттарға өзгерiстер, толықтырулар енгiзу жөнiнде Комитетке ұсыныстар енгiзу;

58) азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және заңға тәуелдi актiлерiнде көзделген өзге функцияларды жүзеге асыру.

15. Құқықтары және мiндеттерi:

1) өз құзыретi шегiнде орындалуы мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау;

2) мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан және азаматтардан қажеттi ақпаратты және мәлiметтердi заңнамада белгiленген тәртiпте сұрату және алу;

3) заңнамада белгiленген тәртiпте Департаменттiң мүдделерiн сотта қорғауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

4) Департаменттiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар ұйымдастыру және өткiзу;

5) қызметтiк жұмысты және орындаушылық тәртiптi бұзу фактiлерi бойынша қызметтiк тексерiстер жүргiзу, олардың себептерiн анықтау, талдау және бұзушылықтарды болдырмау бойынша шаралар қабылдау;

6) белгiленген тәртiппен азаматтық қорғау мақсаттары үшiн мемлекеттiк ведомстволық және мемлекеттiк емес жүйелердi, желiлердi, байланыс және ақпарат беру құралдарын пайдалану;

7) облыстың құлақтандыру жүйесiне техникалық тексерулер және азаматтық қорғау бойынша оқу-жаттығулар жүргiзу кезiнде облыстың құлақтандыру жүйесiн қосу туралы өкiм беру;

8) әрекетi немесе әрекетсiздiгi төтенше жағдайлар қатерiне немесе туындауына және азаматтық қорғау саласында бұзушылықтарға әкелген лауазымды адамдарды жауапкершiлiкке тарту туралы белгiленген тәртiпте ұсыныстар енгiзу;

9) қолданыстағы заңнамалық актiлерде көзделген өзге құқықтар мен мiндеттердi жүзеге асыру.

3. Департамент қызметiн ұйымдастыру

16. Департаментке басшылықты бастық жүзеге асырады, ол Департаментке жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауап бередi.

17. Департамент бастығын Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

18. Департамент бастығының орынбасарлары болады, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

19. Департамент бастығының өкiлеттiктерi:

1) Департамент атынан сенiмхатсыз әрекет етедi;

2) өз өкiлеттiктерi шегiнде мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Департаменттiң мүддесiне өкiлдiк етедi;

3) Департаменттiң ерекше көзге түскен қызметкерлерiн мемлекеттiк және ведомстволық наградалармен марапаттау, құрметтi атақтар, әскери және мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының орта және аға басшы құрамының арнайы атақтарын мерзiмiнен бұрын немесе әскери және атқарып отырған штаттық лауазымында көзделген арнайы атақтарды бiр саты жоғары беруге Министрге өтiнiш жасау үшiн Комитет төрағасына ұсыныстар енгiзедi;

4) бiрыңғай кадр саясатын iске асырады;

5) Министрлiк және Комитет қалыптастырған саясатты iске асыруды қамтамасыз етедi, Министрдiң және Комитет төрағасының актiлерiн және тапсырмаларын орындайды;

6) Департамент қызметiн ақпараттық-талдау, ұйымдастыру-құқықтық, жұмылдыру, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етудi ұйымдастырады;

7) тәртiптiк және аттестаттау, сондай-ақ Департаменттiң бос лауазымдарына кандидаттарды iрiктеуге конкурстық комиссиялардың қызметiне жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады;

8) Департамент қызметiн қамтамасыз ету және оған жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында мемлекеттiк сатып алуды өткiзудi ұйымдастырады;

9) Департамент атынан шарттар жасасады;

10) Департамент атынан сенiмхаттар бередi;

11) банк шоттарын ашады;

12) Департаменттiң тиiстi кезеңге тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мемлекеттiк сатып алу жоспарын бекiтедi;

13) iссапарлар, тағылымдамалар, демалыстар, қызметкерлердi қазақстандық және шетелдiк оқу орталықтарында оқыту және қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн көтерудiң өзге түрлерi бойынша Департаменттiң тәртiбi мен жоспарларын бекiтедi. Облыстан және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге iссапарға шығу Комитетпен келiсiлiп жүзеге асырылады;

14) өз құзыретi шегiнде Департаменттiң барлық қызметкерлерi орындау үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi;

15) еңбек қатынастары Министрлiктiң және Комитеттiң номенклатурасына жатқызылған қызметкерлерден басқа Департаменттiң, қалалық Төтенше жағдайлар басқармаларының және аудандық Төтенше жағдайлар бөлiмдерiнiң қызметкерлерiн лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;

16) Министр бекiткен номенклатураға сәйкес Департамент қарамағындағы мемлекеттiк мекемелердiң басшыларын лауазымға тағайындауға ұсынады;

17) берiлген құқықтары шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Департаменттiң қызметкерлерiне, Департаменттiң қарамағындағы мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерiне ынталандыру шараларын және тәртiптiк жаза қолданады;

18) бақылаудағы құжаттардың, жеке және заңды тұлғалар өтiнiштерiнiң, құпиялылық және «Қызмет бабында пайдалану үшiн» белгiсi бар құжаттардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етедi;

19) мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және кiшi басшы құрамдағы адамдарына алғашқы және кезектi арнаулы атақтар, орта басшы құрамдағы адамдарына өртке қарсы қызмет капитаны атағына дейiн қоса кезектi арнаулы атақтар, офицерлiк құрамдағы әскери қызметшiлерге подполковникке дейiн қоса кезектi әскери атақтар бередi;

20) Департаменттiң және оның қарамағындағы мемлекеттiк мекемелердiң мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге, азаматтық қорғау органдары мен бөлiмшелерiнiң құтқарушыларына сыныптық бiлiктiлiгiн бередi (растайды);

21) орта және аға басшы құрамның алғашқы арнаулы атақтарын, аға басшы құрамның кезектi арнаулы атақтарын беру және мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарының кадрына қабылдау, офицерлiк құрамның алғашқы әскери атағын беру туралы Министрге өтiнiш жасау үшiн Комитет төрағасына ұсыныстар енгiзедi;

22) құрылымдық бөлiмшелер туралы ережелердi, Департаменттiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң және Төтенше жағдайлар басқармалары мен бөлiмдерi қызметкерлерiнiң лауазымдық (функционалдық) мiндеттерiн бекiтедi;

23) Департаментте, Департамент қарамағындағы мемлекеттiк мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимылға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың iске асырылуына дербес жауап бередi;

24) Әрекетi (немесе әрекетсiздiгi) ұлттық мүдделерге, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн Департаменттiң, Департамент қарамағындағы мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерiн жауапкершiлiкке тартады;

25) Департаменттiң жыл сайынғы жұмыс жоспарын әзiрлеудi және оны Комитетке бекiтуге ұсынуды қамтамасыз етедi;

26) Департаменттiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң және Департамент қарамағындағы қалалық Төтенше жағдайлар басқармалары мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлiмдерiнiң жұмыс жоспарларын бекiтедi;

27) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Департамент бастығы болмаған кезде оның өкiлеттiктерiн орындау қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның орнын ауыстыратын адамға жүктеледi.

20) Департамент бастығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзiнiң орынбасарларының өкiлеттiктерiн айқындайды.

21. Департаментте азаматтық қорғау саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қалыптастыру және жүргiзу бойынша ұсыныстар әзiрлеу мақсатында Департамент бастығының жанынан консультациялық-кеңесшi орган болып табылатын Кеңес құрылады, оның құрамына бастық, бастықтың орынбасарлары, құрылымдық бөлiмшелердiң, Департаменттiң жедел бағынысындағы мекемелер мен ұйымдардың басшылары кiредi. Кеңестiң сандық құрамын және оның ережесiн Комитет төрағасы бекiтедi.

Халықпен, азаматтық қоғам институттарымен өзара қарым-қатынастарды дамыту және әрi қарай жетiлдiру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша бiрлескен iс-қимылдар әзiрлеу мақсатында Департамент жанында консультациялық-кеңесшi орган болып табылатын Қоғамдық кеңес жұмыс iстейдi. Қоғамдық кеңестiң сандық құрамын және оның ережесiн Комитет төрағасы бекiтедi.

4. Департаменттiң мүлкi

22. Департаментте заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкiн.

Департаменттiң мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.

23. Департаментке бекiтiлген мүлiк республикалық және коммуналдық меншiкке жатады.

24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Департамент өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Департаменттi қайта ұйымдастыру және тарату

25. Департаменттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Мақаланың шыққан күні: 20.11.2015 14:28
Парақтағы соңғы өзгерістер: 24.05.2017 09:22